Наурыз мерекесінің салт-дәстүрлері (1)
Наурыз мерекесінің салт-дәстүрлері атты топтаманың бірінші бөлімін Наурыз мерекесі кезіндегі дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға арнаймыз.
Жақын арада Иран халқының бірлігі, пікірлестігі, өзара әрекеттестігі пен ынтымақтастығының көрінісі болып табылатын Наурыз мейрамы басталады. Әлемнің жер-жеріндегі ирандықтар көне рәсім бойынша осы ежелден келе жатқан ұлттық мерекені қарсы алуды асыға күтуде.
Иранда Наурыз мерекесі көне заманнан келе жатқан ұлттық дәстүр болып табылады. Бірақ, бұл мереке кезіндегі салт-дәстүрлердің көпшілігі діни мәдениет пен наным-сенімдермен ұқсас болып келгендіктен, олардың әрқайсы сұлулық, адамгершілік, мейірімділік пен достықтың белгісі болып табылады. Сонымен қатар, бұл салт-дәстүрлер өз бойына рухани қасиеттерді жинап, оның құндылықтарын одан әрі арттыра түсті. Бұл ирандық мәдениеттің жалғастығының негізгі факторы оның көркем әдет-ғұрыптармен астасып жатуында. Ол тек қана өз функцияларын ұзақ уақыттан бері атқарып келмей, сол уақыт аралығында тұрақтанып әрі нығайа түскен. Сондықтан осы жылдың соңғы күндері сіздерді Ирандағы Наурыз мерекесінің салт-дәстүрлерімен таныстыруды жөн көрдік.
Жыл сайын х.ж.с.б. есфанд айының екінші жартысында мереке мен көктем мезгілінің таяп қалғаны сезіле бастайды. Ирандағы қалалар мен ауылды мекендерде ерекше көңіл-күй орнайды. Айналадағының бәрі жанданып, қайта тірілгендей болады. Жаңа жылдың басталуына бірнеше күн қалғанда гүл дүкендерінің алдында жапырақтары мен күлтелері құмыраларда жайқалып тұрған шегіргүлдер, кейбір аудандарда айналаның бәрінде ойлармен өрнектелген жуылған кілемдер ілініп, көктем мен Жаңа жылдың келіп қалғаны туралы қуанышты хабарды сүйіншілегендей болады. Көшелердегі базарлар мен сауда орталықтары ерекше реңкке ие бола бастайды. Басқа мекендермен салыстырғанда, аяқ киім, киім-кешек пен пісте, жаңғақ, жержаңғақ, орман жаңғағы, асқабақ пен қауын шопақтары мен бадам, ноқат пен мейізден құралған «аджил» атты дәм сатылатын арнайы дүкендер адамдарға лық толы болады. Жылдың соңғы күндері көптеген қалаларда далба сатушылардың алуан түрлі тауарларды көшелердің ортасында сатып жатқан жылжымалы базарларын байқауға болады. Әр адам өз мүмкіндігіне қарай Жаңа жыл мерекесіне орай, жаңа киім, аяқ киім мен дастарханға керекті аджил мен тәтті дәмдер сатып алуға тырысады.
Наурыз мерекесінің өте ұнамды салттары мен игі құндылықтарының бірі «хуне текани» рәсімі, яғни үйді толығымен тазалау болып табылады. Мұндай тазалау жұмыстары мерекеге бір-екі апта қалған кезден басталады. Осы жылдың ешқандай шаң-тозаңы Жаңа жылда болмас үшін үйлер мен қоғамдық жерлер толық тазаланады. Осылайша, қалалар мен ауылды мекендердің сыртқы келбеті өзгеріп әрі жаңарып шыға келеді. Әдетте, барлық ғимараттардың терезелері жуылып, қабырғалары қайта боялады.
Жыл соңында үйді толық тазалап, баспана кеңістігін ластанудан тазарту үйді қараңғылық, өлім мен ескірген заттардан тазартудың нышаны және оны Наурыз мерекесі қарсаңында жақсылық пен жарық сәулеге толтыру үшін таза мекен мен кеңістік дайындау болып табылады. Шын мәнінде, Наурыз мерекесі қарсаңында халық өз өміріне өзгерістер енгізіп, өз үйлерін мерекелік кеңістікте қонақ күтуге әзірлейді.
Сондықтан қаланың барлық жерінде: көшелер мен қоғамдық орындарда, парктерді жақсылап тазарту мен безендіру жұмыстары қызу жүріп жатады. Алайда, тазалау жұмыстары жылдың басқа күндері де жүзеге асырылады. Әсіресе, ислам дінінде тазалық мәселесіне қатты көңіл бөлінген. Ислам Пайғамбары тазалықты имандылықтың белгілерінің бірі деп атаған. Алайда, көктем басталғанда қалалар мен үйлерді тазалау мен безендіру арқылы жылдың осы мезгілінің балғындылығы көбірек сезіледі. Адамдар өз киімдері мен үйлерін жаңартуымен қатар, олардың жүректері адалдық мен ақкөңілділіке толады. Сол себепті, Наурыз мерекесі кезінде ынтымақтастық пен жылы шырай өзгеше сезіледі.
Көктемді қарсы алудың белгісі ретінде халық көшеттер отырғызады. Ал мерекеге бірнеше күн қалғанда бидай, жасымық, маш секілді т.б. дәнді дақылды керамикалық ыдыстарға егіп, ерекше тәсілмен көктетіп, өсіреді. Халық арасында көк өскін өмірдің басталуы мен берекенің белгісі ретінде мерекенің алғашқы күндерінен бастап «һафт син» дастарханының төрінен орын алып, Наурыз мерекесі аяқталғаннан соң, ирандықтар оны «сиздаһ бедар» күні, яғни х.ж.с.б. фарвардин айының он үшінші жұлдызында табиғат аясына көкке шыққанда ағын суға ағызып жібереді.
Үй бақтарында көшеттер мен гүлдер отырғызу да Жаңа жыл қарсаңындағы салт-дәстүрлердің бірі саналады.
Ал Наурыз мерекесіне арналған тағамдар мен тәттілерді әзірлеу Иранның көптеген аймақтарында кең таралған Жаңа жыл алдындағы әдет-ғұрыптардың бірі болып табылады. Иранның кейбір аймақтарында әйелдер бірлесіп, Жаңа жылға түрлі тәттілер пісіреді. Әдетте, үйде ерекше шеберлікпен қолдан пісірілген және ерекше талғаммен безендірілетін тәттілер жоғары сапалы болып саналады. Бірақ, бүгінгі күнде үлкен қалалардағы алуан-түрлі кондитерлік дүкендердің арқасында тәттілерді сатып алу қиынға соқпайды. Сонымен қатар, жылдың соңғы күндерінде Иранның түрлі аймақтарында «Саману» атты арнайы дәм әзірленеді. Бұл дәм түрі ирандықтардың «һафт син» дастарханына қойылатын негізгі компоненттердің бірі саналады. Бұл тағамды дайындау үшін тағамдық құндылығы жоғары саналатын бидай тұқымының сіріндісі пайдаланылады.
Ирандық отбасылар жаңа жылға бір күн қалғанда арнайы ас әзірлейді. Осылайша, отбасының барлық мүшелері бір дастархан басына жиналып кешкі ас ішеді.
Наурыз мерекесі қарсаңында, яғни Жаңа жылға бір апта қалған кезде, бойдақ ұлдарына қалыңдық таңдаған отбасылар күйеу жігіттің отбасы тарапынан болашақ құдаларына киім, саману, алтын әшекейлер, мата, тәттілер, аджиль және т.б. мерекелік сыйлықтарын жіберу рәсімі Иранның көптеген аймақтарында кеңінен тараған. Жаңадан келін атанған қалыңдықтың отбасы да, өз кезегінде, құдаларына мереке кешінде жеміс-жидектер, алтын әшекейлер, киім мен аджиль секілді сыйларын жібереді.
Жаңа жыл мерекесімен құттықтау үшін арнайы құттықтау хатын жіберу - ирандықтар арасында кеңінен тараған рәсім. Әдетте, Наурыз мерекесі күндері өз отбасыларынан алыстағы адамдар оларды Жаңа жылмен құттықтау үшін махаббатқа толы құттықтау сөздерімен көктем гүлдері мен әдемі табиғат көрінісі бар құттықтау открыткаларын жібереді. Бұл рәсім, қазіргі дамыған технологиялардың арқасында электронды пошта, SMS қысқа хабарламалары және MMS мультимедиялық хабарламалары арқылы да жүзеге асады. Осыған байланысты, дыбыстық, кескіндік және т.с.с мүмкіндіктерді пайдалануға байланысты электронды пошта мен ғаламтор кеңістігін Жаңа жылмен құттықтаудың заманауи әрі тартымды тәсілі ретінде пайдалану - Иран халқының арасында өте кең тараған құбылыс.
Жыл соңында дүниеден қайтқан жақын-туыстардың мазарына зиарат жасау бүкіл Иран бойынша орындалатын ежелден келе жатқан салттардың бірі саналады. Бұл мағынаға толы салт-дәстүрге байланысты, кішкентай баладан бастап, жасөспірімдер мен үлкендердің қатысуымен, дүниеден өткен туыстардың рухтарына бағыштап нәзір немесе ас беріліп, оларға құрмет көрсетіледі.
Ал аза тұтып жүрген адамдар үшін түрлі-түсті мерекелік киімдер әзірлеп, жыл соңында жақын туыстары олардың қара киімдерін мерекелік киімге ауыстыруын сұрайды. Бұл салт Иранның көптеген аймақтарында әлі күнге дейін сақталған Наурыз мерекесіне дейін болған көне салт-дәстүрлердің бірі саналады. Сондай-ақ, үлкен кісілердің бір-біріне өкпе-реніші бар отбасылар мен адамдарды татуластыру салты есфанд айының соңғы күндерінде орын алатын салт-дәстүрлердің қатарына жатады.
Әр жылдың соңында көбірек орын алатын әдет-ғұрыптардың бірі кедей және мұқтаж адамдарға қолдау мен көмек көрсету саналады. Сол себепті, жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Иранның жер-жерінде халықтың жаппай мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге талпыныстарын көруге болады. Олар мақұрымдарға адамгершілік, рухани және материалдық көмек көрсетіп, оларды қуаныш пен шаттықа бөлейді. Қымбатты тыңдармандар, сіздерге шаттық пен табыс тілей отырып, көктем басы мен халықаралық Наурыз мерекесімен алдын ала құттықтаймыз!
http://parstoday.com/kk