Имам Әли (ғ.с.) – адами кемелдіктің көрінісі Сол күні пәк әрі иманды бану Фатима бент Асад басқа да адамдар сынды Қағбаны тәуәп етіп жүрген болатын. Кенет оның толғағы басталып, Алланың үйін зиярат етіп жүрген халықтың арасында Қағбаның Иесімен сырласа бастайды: «Уа, Алла! Мен Өзіңе, барлық пайғамбарларың мен қасиетті елшілеріңе және олардың қасиетті кітаптарына иман келтірдім. Менің «Халилалла» – хазірет Ибрахимге иман келтіргенімді және оның дінін жаныммен қабылдағанымды Өзің білесің. Уа, Алла! Қағбаның іргетасын қалаушы және оған ұлылық сыйлаушы! Менімен қарым-қатынас орнатып, сөйлесетін құрсағымдағы сәбидің құрметіне босануымды жеңілдете гөр». Бір мезгілде Алланың үйінің оңтүстік-шығыс тарапынан «Баб Мұстаджар» ашылып, хазірет Фатима (ғ.с.) Қағбаның ішіне кіреді. Сол замат ашылған қабырға жабылады. Бұл оқиғаның куәсі болған халық таңқаларлық оқиғаны ауыздан-ауызға таратып, Меккенің бүкіл халқына жеткізеді. Көп адам Қағбаның айналасына жиналып, оқиғаның нәтижесін күтеді. Қағбаның кілтін ұстаушылар қанша талпынғандарымен оны аша алмайды. Қалың жамағат үйлері мен кәсіптеріне бармай, оқиғаның жалғасын күтіп сол жерде қалады. Үш күн өтті. Төртінші күні Қағбаның қабырғасы осыдан бірнеше күн ашылған жерінен қайтадан ашылып, қуанышты хазірет Фатима бент Асад Қағбадан шығады. Тамашалап тұрған халық хазірет Фатима (ғ.с.)-ның құшағынан жүзі нұрланған сәбиді байқайды. Хазірет Фатима (ғ.с.) жиналғандарға қарап: «Уа, халайық! Алла Тағала жаратқан әйелдердің арасынан мені таңдап, өткен кезеңдердің таңдаулы әйелдерінен артық етті. Әсия Аллаға жасырын құлшылық етіп, Мәриям босанған кезде қураған ағаштан бірнеше құрма алған болса, Алла Тағала мені олардан және әлемнің бұрынғы уақыттағы барлық әйелдерінен артық санады. Өйткені мен перзентімді Алланың үйінде дүниеге әкелдім! Үш күн соның ішінде Жаратушуның қонағы болдым! Жәннәттің жемістері мен арнайы илаһи тағамдардың дәмін таттым! Қағбадан шығатын уақыт келген кезде: «Әй, Фатима! Қағбада дүниеге келген сәбидің есімін Әли деп қой. Мен Әлидің Жаратушысымын. Мен перзентіңді құдыретіммен жараттым. Ол осы Қағбаның үстінде азан айтып, пұттарды бұл жерден құртып, менің елшім Мұхаммад (с.ғ.с.)-нан кейін үмбеттің басшысы болады. Оны жақсы көріп, оған серік болатын адам қандай бақытты. Ал оған бағынбайтын адам қандай бақытсыз болады...»,- деген дауыс естідім»,- деді. («Бухар әл-Анвар», 35-ші том, 18-ші бет және «Әл-Ғадир», 6-шы том, 22-ші бет). Бұл адами кемелдіктің және адамзат қоғамында хақ пен әділет талап етудің көрінісі саналатын сәбидің өмірінде байқалған илаһи рақымдылықтың бірінші нұры еді. Ливанның әйгілі христиан ойшылы Джордж Джордақ имам Әли (ғ.с.)-ның ұлылығының алдында тағзым етіп: «Бұл теңдессіз тұлғаны танысаң да, танымасаң да тарих оның шексіз ерекшеліктеріне куәлік етеді. Ол даналықтың шексіз бұлағы, шәһидтердің басшысы, адамгершілік пен әділеттің даусы және Шығыстың мәңгілік азаматы. Адамзат тарихында хазірет Адам мен Хауа ананың перзенттерінің арасында ешбір адам Әли сынды хақ жолында қадам баспады. Әлидің Исламы бұлақтан сарқыраған су сынды хазіреттің жүрегінен сарқырайды. Сол кезде арабтар Исламға бет бұрмастан бұрын құрайыштардың пұттарына табынатын. Бірінші рет Әли хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) иман келтіріп, Аллаға құлшылық етті. Әли хақ жолында табандылық білдіріп, адамгершілігі, ақылы және иманымен билік пен байлыққа табынатындар мен шіріген залым билікке қарсы күресті. Ол жаратылыстың бүкіл жеріне таралған теңіздің толқыны сынды болды» деп айтқан болатын. Исламды басқалардан бұрын қабылдау, таухид дініне бет бұру Құран Кәрімде қуатталған мәселе. Құран: «Исламға басқалардан бұрын бет бұрғандар Алланың ризалығы мен илаһи рақымдылыққа ие болу саласында алғашқы қадам басқандарға жатады» дейді. Құран Ислам дінін бірінші қабылдау мәселесіне шынайы назар аударып, тіпті Меккені жеңіп алудан бұрын иман келтіріп, жаны мен мүлкін Алланың жолында жұмсағандарды Меккені жеңгеннен кейін иман келтіріп, джиһад еткендерден артық санайды. Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбар болып сайланған соң Әбуталиб өз ұлы Әлидің хазіретпен бірге намаз оқып жатқанын көріп: «Балам, не істер жатырсың?»- деп сұрады. Баласы: «Алланың ризалығы үшін немере ағаммен бірге намаз оқыдым»,- деп жауап бергенде Абуталиб: «Одан алыстама. Ол сені тек жақсылық пен бақытқа ғана шақырады»,- деді. Беғсаттың үшінші жылы Алла Тағала аят жіберіп, пайғамбардан өзінің жақындарын Исламға шақыруды талап етті. Алла елшісі өзінің жақындарынан шамамен қырық адамды шақырып, оларға ас берді. Бірақ сол күні Әбулахаб наразылық ұйымдастырып, пайғамбардың өз жолдауын туыстарына жеткізуіне кедергі тудырды. Пайғамбар келесі күні оларды қайтадан шақырып: «Менен кейін менің бауырым және орынбасарым болу үшін араларыңнан кім мені қолдап, маған иман келтіреді?» - деп сұрады. Хазірет Әли (ғ.с.) орнынан тұрып: «Уа, Алла елшісі! Бұл жолда өзіңмен бірге болуға мен дайынмын»,- деді. Пайғамбар оның отыруын сұрап, өзінің шақыруын қайталады. Бірақ бұл жолы да хазірет Әлиден басқа ешкім орынан тұрмады. Алла елшісі сөзін үшінші рет қайталады. Хазірет Әли үшінші рет орнынан тұрып, пайғамбарға өзінің хазіретпен бірге болуға дайындығын жариялады. Сонда пайғамбар: «Әли – менен кейін араларыңда қалатын менің бауырым, мұрагерім және орынбасарым»,- деді. Хазірет Әли (ғ.с.) Исламның ұлық пайғамбарының серігі болып, Алла елшісінің нұрлы болмысынан көп нәрсені үйренді. Имам Әли (ғ.с.). «Жыл сайын пайғамбар Хира тауында жалғыз қалатын. Мен оны көретін едім, бірақ менен басқа ешкім оны көрмейтін. Сол кезде Алла елшісі мен хазірет Хадиджаның үйінен басқа ешбір үйде мұсылман болмады. Мен үшінші мұсылман болдым. Уаһи және пайғамбарлық жарықты көріп, набаваттың хош әтірін сездім»,- деп айтқан болатын. Ол құрайыштардың бүліктері кезінде пайғамбардың орнына жатып, жанын хазіреттің жолында қатерге тікті. Пайғамбар хиджратын бастады. Ол Алла елшісінің қасында болып, әкелерінің діндерінен кете алмай қиындық көрген адамдардың куәсі болды. Ол соғыстардың көбіне қатысты. Олардың арасында танымал болған «Хандақ» және «Хейбар» соғыстарына да қатысты. Хиджридің 8-ші жылы, Меккені жеңген жылы пайғамбармен бірге Қағбаны тазартуға кірісті. Имам Әли (ғ.с.) – діни құндылықтар мен кемел адамның үлгісі. Ол мистика мен ғибадат саласында жоғары толқынға көтерілген, сондай-ақ, саясаткер әрі қоғамды тәрбиелеуші. Ол мүміндерге ғамалдарын мейірімділікпен орындауды үйретті. Ол еш уақытта ақиқатты мәслихаттың құрбаны етпеді. Хазіреттің әдістері адамзаттың дамып, кемелдікке жетуіне себеп болады. Сондықтан оның жолдарынан алыстау адасу мен жойылуға жеткізеді. Пайғамбар имам Әли (ғ.с.)-ның өмірбаянына сілтеме жасап Аммар Ясерге: «Әй, Аммар! Егер Әлидің жалғыз жолға түскенін және халықтың басқа жолмен қадам басқанын көрсең, Әлидің жолымен жүр, өйткені ол сені дұрыс жолға нұсқайды»,- деп кеңес берген. Имам Әли (ғ.с.) – адамгершілік пен кемелдіктің бұлағы. Ол Исламмен тәрбиеленді. Пайғамбармен бірге болды. Оның ерекшеліктері дос пен дұшпанға танымал. Мұндай тұлға барлық адами қоғамдардың армандаған үлгісі. Пайғамбардың серіктерінің бірі Ибн Аббас имам Әли (ғ.с.) туралы: «Алламен ант етемін, менің жаным оның қолында. Егер әлемдегі барлық теңіздер сияға, барлық ағаштар қаламға және жер бетіндегі барлық жаратылыс жазушыға айналса да Әли (ғ.с.)-ның қасиеттері туралы жаза алмайды»,- деген болатын. Әділет, жомарттық, діндарлық пен ержүректіктің үлгісі имам Әли (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығы құтты болсын! http://parstoday.com/kk

Теги других блогов: Қағба Имам Әли адам кемелдік